Лента новостей

Семейде жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды

спорт кешен, Абайға құрмет

Бүгін Семей қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлады Arnapress.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли мен "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Абайға құрмет" акциясы аясында қолға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа спорт нысаны бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және жастарды салауатты өмір салтына баулуға үлкен мүмкіндік береді.

Ал "Самұрық-Қазына" қорының басшысы аталған кешен өңір тұрғындары үшін маңызды спорт орталығына айналатынын жеткізді. Қордың қолдауымен елімізде бүгінде 19 ірі спорт нысаны жұмыс істеп тұр, онда 700 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады.

Жаңа кешеннің жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты ғимаратта спорт залдары, бокс пен күреске арналған арнайы бөлмелер, тренажер залы және 100 орындық трибуна қарастырылған. Нысан Семейдің оң жағалауында, Сәтбаев көшесінде салынады. Жоба құны шамамен 1,6 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, "Абайға құрмет" акциясы аясында еліміздің әр өңірі Семей қаласына түрлі әлеуметтік нысандар тарту етуде.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Просмотров (205)
ТопДок 1