Абай ауданының Қарауыл гимназиясында "Жас Сақшы" сыныбының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы полиция департаменті баспасөзіне сілтеме жасап.
Жаңа бастама өңірде алғаш рет қолға алынып отыр. Қазіргі таңда сынып құрамында 23 оқушы білім алуда.
Салтанатты шараға ата-аналар, ардагерлер, педагогтар және полиция қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аблай Нұрымов «Жас Сақшы» сыныбының лентасын қиып, оқушылар алғашқы анттарын қабылдады.

Өз сөзінде Аблай Нұрымов бұл жобаның маңызына тоқталып, жас буынды тәртіпке, патриоттық рухқа және жауапкершілікке баулудың маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ардагер полиция майоры Ержан Жакеев те жаңа сыныптың тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті.
Бағдарлама аясында оқушылар саптық дайындық, құқықтық негіздер, криминалистика, атыс қаруын қолдану дағдылары және өзін-өзі қорғау бойынша теориялық әрі практикалық сабақтардан өтеді. Бұл сабақтар жалпы білім беру бағдарламасымен қатар жүргізіледі.

"Жас Сақшы" сыныбы - оқушыларды тәртіпке, отансүйгіштікке және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған ерекше жоба. Бұл бастама жастарға құқық қорғау саласының жұмысын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Қарауыл гимназиясы жаңа буынды жан-жақты дамытуға бағытталған маңызды бастаманы жүзеге асырып отыр.
Фото: Абай облысы полиция департаменті баспасөзі
