Лента новостей

Әскердегі жаңа талап: сарбаздар жылына кемінде қанша кітап оқуы тиіс

кітап, әскер, міндет

Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін арттыруға бағытталған жаңа талап енгізілді, деп хабарлайды Arnapress.kz Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Енді мерзімді әскери қызметшілер қызмет барысында кемінде бес кітап оқуға міндетті. Бұл бастама жеке құрамның рухани дамуын қолдап, 23 сәуір - Кітап күні қарсаңында кітап оқуды насихаттауды көздейді.

Аталған мереке халықаралық дәстүрге негізделген. ЮНЕСКО бастамасымен бекітілген бұл күн әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде атап өтіледі. Қазақстанда бұл атаулы күн Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізіліп, 2025 жылдан бастап мәдени-ағартушылық маңызы бар дата ретінде тойлана бастады.

Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 мыңнан астам көркем әдебиет және 198 мыңнан астам оқу басылымы бар.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанованың айтуынша, кітапхана қорында отандық авторлардың, әскери жазушылар мен ғалымдардың құнды еңбектері жинақталған. 2020 жылы ашылған кітапханада бүгінде 7 мыңнан астам кітап бар. Қор қайырымдылық акциялар мен түрлі ұйымдардың қолдауы арқылы толыққан.

Жыл басынан бері әскери қызметшілерге 48 мыңнан астам кітап берілген. Бұл сарбаздар арасында кітап оқуға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар кітапхана қорын толықтыруға әскери қызметшілердің өздері де белсенді қатысып, жеке кітаптарын ортақ қорға тапсыруда.

Мамандардың айтуынша, міндетті оқу нормасы - жай талап емес, тәрбиелік және білім беру жұмысының маңызды бөлігі. Кітап оқу сарбаздардың ой-өрісін кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытады әрі берік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Әскери қызметші Нұрдос Айтмұхаметов те кітап оқуға қызығушылығы жоғары екенін айтады. Қазіргі таңда ол ақын Мұхтар Шахановтың шығармаларын оқып жүр. Оның айтуынша, әсіресе детектив және әскери тақырыптағы кітаптар ерекше қызықты.

Осылайша, қазіргі әскери қызмет жағдайында кітап оқу – өзін-өзі дамытудың тиімді құралына айналып, сарбаздардың кәсіби әрі тұлғалық өсуіне оң әсерін тигізуде.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Просмотров (147)
ТопДок 1