Алматы облысының Райымбек ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша үш адам сотталды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Райымбек ауданының прокуратурасы 2019–2024 жылдары әлеуметтік осал азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бағытталған мемлекеттік сатып алуларға талдау жүргізген. Осы кезеңде жалпы сомасы 596 млн теңгеден асатын 55 тұрғын үй сатып алынған.
Тексеру барысында тұрғын үй құнын негізсіз көтеріп, кейін бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру және оны схемаға қатысушылар арасында бөлу фактілері анықталған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал көлемі 101,4 млн теңге болғаны анықталды.
2026 жылғы 5 тамыздағы сот үкімімен үш адам ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оларды 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырып, тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
