Лента новостей

Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талап бекітілді

бейнебақылау, талап, стандарт

Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын талаптарды айқындайтын алғашқы ұлттық стандарт қабылданды, деп хабарлайды Arnapress.kz Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне сілтеме жасап. 

Комитет төрағасының 2026 жылғы 17 шілдедегі бұйрығымен бекітілген СТ РК 4031-2026 "Бейнебақылау жүйелері. Бейнекамералардың түрлері мен орналастырылуына қойылатын талаптар" ұлттық стандарты 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Жаңа стандарт ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және қайта жаңғырту кезінде қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне бірыңғай талаптар белгілейді. Құжат бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану тәртібін біріздендіріп, жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыруға бағытталған.

Стандартқа сәйкес, бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын ең төменгі талаптар алғаш рет ұлттық деңгейде бекітілді. Атап айтқанда, камералардың ажыратымдылығы, жарық сезімталдығы, кадр жиілігі, жұмыс температурасы, қорғаныс деңгейі және монтаждау талаптары нақты айқындалған.

Сондай-ақ бейнекамералар қолданылу мақсатына қарай сыртқы аумақтарды бақылауға, ғимарат ішіндегі бақылауға, адамдарды сәйкестендіруге, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға және басқарылатын камераларға арналған санаттарға бөлінеді.

Жаңа талаптарға сәйкес бейнебақылау жүйелері бейнемәліметтерді үздіксіз тіркеп, өңдеп, кемінде 30 тәулік сақтауы тиіс. Сонымен қатар жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болып, тұлғалар мен көлік нөмірлерін тану сияқты зияткерлік бейнеталдау мүмкіндіктерін қолдауы қажет.

Фото: ЖИ

Просмотров (461)
ТопДок 1