Семей қаласында өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі болып жүрген отбасыларды дәріптейтін “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты.
“Мерейлі отбасы” – отбасы мәртебесін арттырып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға және адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды жоба. Байқау елімізде 2014 жылдан бері өткізіліп келеді.

Бүгінде Абай облысында 198 526 отбасы бар. Оның ішінде 18 983 шаңырақ – көпбалалы отбасылар. Биыл өңірдегі байқауға қала-аудандардан 129 отбасы өтініш беріп, олардың 24-і облыстық кезеңге жолдама алған.
“Бес жыл ішінде бұл байқау өнегелі отбасылардың басын қосып қана қоймай, қоғамға жақсыны көрсетуге, ізгілікті дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға арналған маңызды дәстүрге айналды. Ынтымағы мен ырысы артқан әр шаңыраққа бақ қонып, баланың күлкісі, сәбидің сыңғыры үзілмесін. Мерейлі отбасылардың мерейі үстем болып, абыройы арта берсін”, – деді аймақ басшысы.

Байқау қорытындысы бойынша I орынды Бесқарағай ауданының Қайдаровтар отбасы, II орынды Абай ауданының Мақаевтар отбасы иеленді. Ал III орын Ақсуат ауданының Каржиковтар отбасы мен Жарма ауданының Құмаровтар отбасына берілді.
Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған Қайдаровтар отбасы байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
“Бүгінгі байқауға қатысып, жүлделі болған барлық отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Шыны керек, осындай марапатқа ие боламыз деп ойлаған жоқпыз. 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, ұрпағымызды тәрбиелеп келеміз. Бұл марапат – біздің отбасымызға көрсетілген үлкен құрмет”, – деді білім саласының ардагері, байқау жеңімпазы Жұмағазы Қайдаров.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды.
Фото: Абай облысы әкімінің баспасөзінен
