Лента новостей

Ақсуаттағы той кортежі: жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылды

той, кортеж, тәртіпсіздік

Абай облысының полицейлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Ақсуат ауданында той кортежіне қатысқан жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Оқиға Ақсуат ауданының Қабанбай көшесінде болған. Той кортежіндегі Toyota және Hyundai Tucson автокөліктерінің жүргізушілері қос тұтас жолақ сызығын кесіп өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Сонымен қатар, қозғалыс кезінде автокөліктің есігіне отырып алған жолаушының әрекеті де бейнежазбаға түсіп қалған. Мұндай заңсыз әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларына елеулі қауіп төндіреді.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылыққа қатысқан барлық тұлғаларды анықтап, заң талаптарына сәйкес шара қабылдады. Нәтижесінде жүргізушілерге маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, авариялық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын сақтамау деректері бойынша жалпы 8 әкімшілік хаттама рәсімделді. Құқық бұзушылардың автокөліктері арнайы айыптұраққа қойылды.

Сондай-ақ, жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзған, қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Той - қуаныштың белгісі. Алайда жолдағы қауіпсіздік кез келген мерекеден маңызды. Бір ғана жауапсыз әрекет адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.

Фото: ДП

Просмотров (142)
ТопДок 1