2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алименттерді аударудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа талап кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өзгерістер 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған "Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң аясында енгізілді.
Жаңа нормаға сәйкес, алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде өндіріп алынған қаражат тек алименттерді есепке алуға арналған арнайы банктік шотқа аударылады. Ол үшін алимент алушы арнайы шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет.
Әділет министрлігінің мәліметінше, арнайы шоттағы қаражатқа тыйым салуға немесе оны өзге міндеттемелер бойынша өндіріп алуға жол берілмейді. Бұл алименттің тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға жұмсалуына кепілдік береді.
Сонымен қатар министрлік арнайы банктік шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайтынын атап өтті. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндіріп алынған қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот ашу қажеттігі туралы хабарлайды. Шот деректемелері ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат белгіленген тәртіппен аударылады, ал алимент бойынша қалыптасқан берешек сақталады.
Арнайы алименттік шоттарды ашатын екінші деңгейдегі банктердің тізімі мен мұндай шоттардың саны туралы ақпаратты Әділет министрлігі жүргізбейді. Бұл мәліметтер Қазақстан Ұлттық Банкіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және екінші деңгейдегі банктерге тиесілі.
Министрліктің айтуынша, жаңа тәртіп алимент алушылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға және балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік береді.
Фото: ЖИ
