Лента новостей

Қазақстандағы ең ұзақ Маңғыстау – Семей бағытындағы пойыз жаңа вагондармен толықты

теміржол, бағыт, вагон, Семей, Маңғыстау

Қазақстандағы ең ұзақ теміржол бағыттарының бірі – №37/38 "Маңғыстау – Семей" пойызының вагон паркін жаңартты, деп хабарлайды Arnapress.kz "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ cілтеме жасап. 

Жаңартылған №37/38 "Маңғыстау – Семей" пойызы 9 вагоннан тұрады. Оның ішінде 4 купелі, 4 плацкарт және 1 вагон-мейрамхана бар. 2025–2026 жылдары отандық зауытта шығарылған жаңа вагондардан жасақталған пойыз 331 жолаушыға арналған.

Жаңа вагондар қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сай жабдықталған. Атап айтқанда, электр қуатын үнемдеу жүйелері, ауа температурасын реттеу және ауаны залалсыздандыру құрылғылары орнатылған. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жатын орындар, USB қуаттау порттары, 220 В электр розеткалары, Wi-Fi желісі және биодәретханалар қарастырылған. Сондай-ақ вагондардың жылу оқшаулау сапасы жақсартылған.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында вагондар бейнебақылау және өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталған. Орталықтандырылған ауа баптау жүйесі жыл мезгіліне қарамастан вагон ішіндегі қолайлы температураны сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, вагондарда дыбыстық хабарлау жүйесі, шығу есіктерін көрсететін жарық белгілері, нәресте жөргектеуге арналған үстелдер және жеке сейфтер бар. Ішкі әрлеуде аллергиялық реакция тудырмайтын материалдар пайдаланылған.

Пойыз билеттерін bilet.railways.kz ресми сайты арқылы немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы алуға мүмкіндік бар.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (161)