Лента новостей

Абай облысында мал ұрлығына қатысы бар сегіз адам ұсталды

қылмыс, мал, ұрлығы, Абай ауданы, Жарма

Абай облысының Жарма ауданында мал ұрлығына қатысты алты қылмыстық эпизодтың беті ашылды. Қылмысқа қатысы бар сегіз адам анықталып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Абай облысында полицейлер ірі қара мал ұрлығына қатысты бірқатар қылмысты әшкереледі. Тергеу барысында күдіктілердің 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Жарма ауданындағы Суықбұлақ ауылының маңында мал ұрлығымен айналысқаны анықталған.

Алғашында шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардан малдың жоғалғаны туралы арыздар түскен. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған.

Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізген. Тергеу барысында жеке тұрғын үй ауласында ірі қара малдың сойылған сәті түсірілген бейнежазба маңызды айғақтардың бірі болған.

Жиналған дәлелдер негізінде сегіз адам ұсталды. Кейін тергеу барысында мал ұрлығының тағы бес эпизоды анықталып, жалпы саны 52 бас ірі қараның қолды болғаны дәлелденді.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі 19 миллион 845 мың 368 теңгені құраған.

Қылмыстық іс тергеу аяқталғаннан кейін сотқа жолданды. Жарма аудандық сотының үкімімен кінәлілер бас бостандығынан айырылды.

Фото: Абай облысы Полиция департаментінен

Просмотров (72)