Лента новостей

Қазақстанда әуе жолаушылары үшін жаңа ережелер ұсынылды

жолаушы, ұшақ, қобыз, аспап

Қазақстанда әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

Жобаға сәйкес, музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібі нақтыланады. Атап айтқанда, қорғаныш қаптамасына салынған домбыра, қобыз және өзге де музыкалық аспаптарды белгіленген өлшемі (110×35×30 см-ден аспайтын) мен салмағы (10 келіге дейін) сақталған жағдайда ұшақ салонында алып жүруге рұқсат беру ұсынылған.

Сондай-ақ, әуе компанияларының талаптарына сәйкес жануарларды ұшақ салонында тасымалдауға мүмкіндік қарастырылған. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар жолаушыларға жеңілдіктер беру нормасын заңнамалық тұрғыда бекіту көзделіп отыр.

Егер рейс сыйымдылығы төмен басқа әуе кемесіне ауыстырылса, жолаушыларды орналастыруда кәмелетке толмағандарға, мүгедектігі бар адамдарға, ауыр науқастарға, жүкті әйелдерге және зейнеткерлерге басымдық беріледі.

Сонымен қатар, рейс кешіккен жағдайда өтемақы төлеудің нақты мерзімі белгіленбек. Ұсыныс бойынша, жолаушы өтініш бергеннен кейін төлем 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Ал тасымалдаушының кінәсі дәлелденсе, тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне де әуе компаниясы жауапты болады.

Құжат қазір "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Азаматтар өз ұсыныстары мен ескертулерін белгіленген тәртіппен жолдай алады.

Фото: ЖИ

Просмотров (99)
ТопДок 1