Arnapress.kz тілшісі Бородулиха ауданындағы орман өрті болған аумаққа барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Оқиға орнында өртті сөндіру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Өрт сөндірушілер мен арнайы қызмет мамандары қызыл жалынмен арпалысып, тілсіз жауды ауыздықтауға бар күшін салуда. Аумақта жедел штаб құрылған. Сол жерде Абай облысының әкімі де болып, жұмыстардың барысын бақылап жүр.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, жалынды сөндіруге таңертеңнен бері тынбай еңбектенуде
"Таңнан бері Бородулихадағы өртті сөндіруге атсалысып жатырмыз. Техникалар бір сәтке де тоқтаған жоқ. Маңайдағы су көздерінен су алып, қайта-қайта өрт ошағына жеткізудеміз. Қазір басты мақсат – өртті ауыздықтау", – дейді оқиға орнындағы өрт сөндірушілер.

Біз облыс әкімінің баспасөз қызметіне жүгініп, жағдайға қатысты ресми пікір беретін жауапты тұлғаны сұрадық. Алайда баспасөз қызметінің өкілдері бұл аумақта журналистердің болмауы керектігін айтып, пікір ұйымдастырылмайтынын жеткізді.
Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдай қызметтері тілсіз жауды толық ауыздықтау үшін жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп жатыр.
Гүлнұр АХМЕТЖАН
Фото, видео: Arnapress.kz
