Лента новостей

ІІМ оқу орындарына қабылдау: нормативтер онлайн көрсетіледі

полиция, оқу, бейнежазба, талапкер

Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны биыл алғаш рет Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы толық цифрлық форматта өтіп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап. 

15 шілдеден бастап талапкерлер тұрғылықты жеріндегі аумақтық полиция департаменттерінде дене шынықтыру нормативтерін тапсыруға кірісті. Барлық сынақтар бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналар нормативтердің өту барысын өз көздерімен бақылауға мүмкіндік алады.

ІІМ мәліметінше, бұл жаңашылдық қабылдау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Нормативтер аяқталған соң талапкерлердің құжаттары жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына жолданып, шешім ҰБТ нәтижелері мен конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылданады. Қажет болған жағдайда үміткерлер бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтеді.

Биыл ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарына бөлінген 1250 орынға төрт мыңға жуық талапкер үміткер болып отыр.

Сондай-ақ министрлік ата-аналар мен талапкерлерге алаяқтардың «оқуға түсіріп береміз» деген уәделеріне сенбеуге шақырды. Ведомствоның айтуынша, қабылдаудың барлық кезеңі цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылады және әрбір әрекет тіркеліп отырады.

Фото: ЖИ

Просмотров (75)
ТопДок 1