Лента новостей

Абай облысындағы орман өрті: полиция 190 баланы лагерьден эвакуациялады

өрт, балалар, тұрғындар, Бородулиха

Абай облысында болған табиғи өрт кезінде полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өрт туралы хабар түскен алғашқы минуттардан-ақ полиция қызметкерлері лагерьге жетіп, эвакуация жұмыстарын бірден бастаған. Балалар арасында дүрбелең туындамас үшін оларды сабырмен әрі ұйымдасқан түрде қауіпсіз жерге шығарған. Ең кішкентай балаларды тәртіп сақшылары қолдарына көтеріп, жұбатып, қауіпсіз аймаққа жеткізген.

Бородулиха ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, эвакуацияланған балалардың бір бөлігін ата-аналары алып кеткен, ал қалғандары Семей қаласына жеткізілген.

Сонымен қатар әкімдік қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Ал полиция департаментінің мәліметінше, Камышенка ауылының шетіндегі 20 үйдің 49 тұрғыны да қауіпсіз жерге көшірілген.

Қазір полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт орнына баратын жолдар жабылды. Өрт сөндіру, инженерлік және өзге де арнайы техникалардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіліп, жедел қызметтердің колонналары сүйемелденуде. Сондай-ақ тәртіп сақшылары жол қозғалысын реттеп, қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындар уақытша қалдырған мүлікті күзету шараларын жүргізіп жатыр.

Бородулиха ауданы әкімдігінің мәліметінше, Камышенка ауылына кіреберісте полиция бекеті қойылған.

Фото: ЖИ

Просмотров (97)
ТопДок 1