Лента новостей

Қазақстанда учаскелік дәрігерлер мен психологтердің жалақысы көтерілуі мүмкін

медицина, дәрігер, жалақы

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы бірқатар медицина қызметкерлерінің, психологтер мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz "Ашық НҚА" порталына сілтеме жасап.

"Ашық НҚА" порталында жарияланған құжатқа сәйкес, учаскелік қызмет мамандарына еңбек өтіліне байланысты қосымша ақы төлеу қарастырылған.

Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында үздіксіз жұмыс істегені үшін:

екі жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге лауазымдық жалақысының 20 пайызы;
үш жылдан астам еңбек өтілі бар мамандарға 30 пайызы;
бес жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге 50 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төлеу ұсынылған.

Бұл норма учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, учаскелік және жалпы практика мейіргерлеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық және мектеп мейіргерлеріне қатысты.

Сонымен қатар халықты медициналық және әлеуметтік тұрғыдан сүйемелдеуге тікелей қатысатын мамандарға да қосымша ақы белгілеу көзделген. Жобаға сәйкес, психологтерге базалық лауазымдық жалақысының 300 пайызы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төлеу ұсынылады.

Жоба авторларының түсіндіруінше, бұл шаралар алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы кадрларды тұрақтандыруға, мамандар тапшылығын азайтуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ қосымша төлемдер медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, саладағы кадрлардың тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Үкімет қаулысының жобасы 7 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады. Айта кетейік, әзірге бұл – жоба, сондықтан ұсынылған өзгерістердің түпкілікті бекітілуі қоғамдық талқылау мен тиісті рәсімдердің нәтижесіне байланысты. 

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (801)