Ата-анасына "пранк" жасамақ болған 9 жастағы бала үй ауласындағы шаруашылық құрылыстан табылды, деп хабарлайды Arnapress.kz ПД сілтеме жасап.
Абай облысының Мақаншы ауданында 9 жастағы оқушының жоғалып кеткені туралы хабарлама полицияға түсті.
Төртінші сынып оқушысы сағат 13:00 шамасында мектепке кеткен. Алайда сабақтан кейін үйіне оралмаған. Баласын өздігінен іздеген анасы шамамен 20:30-да үй маңынан: "Мама, папа, мені іздемеңдер, бір күні қайтып келемін" деген жазба тауып, дереу полицияға хабарласқан.
Полиция қызметкерлері бірнеше топқа бөлініп, аулалар мен жақын маңдағы аумақтарды тексеруге кірісті. Арада небәрі 10 минут өткенде бала өз үйінің ауласындағы шаруашылық құрылыстан өзі шыққан.
Белгілі болғандай, оқушы мектептен кейін үйіне келіп, сол жерге жасырынып, ұйықтап қалған. Полиция көліктерінің сиренасынан оянған бала тоңып әрі қорқып қалған күйде бірден анасына барған.
Баланың айтуынша, ол ата-анасына жай ғана "пранк" жасағысы келген.
Полиция ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, мұндай "әзілдердің" қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертуге шақырады.
Фото: ПД
