Семейде жол-көлік оқиғасы салдарынан 69 жастағы әйел қаза тапты, деп хабарлайды Arnapress.kz ПД сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 8 қыркүйек күні сағат 12:00 шамасында болған. Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі Қ. Мұхамедханов көшесімен келе жатып, Абай көшесіне солға бұрылған кезде реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен.
Алған жарақаттарының салдарынан 69 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған көлік құралын басқарған тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, бұрылу және басқа да маневрлер жасау кезінде барынша сақ болуға шақырады.
Полиция сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолдың жүру бөлігіне шығар алдында, тіпті бағдаршамның рұқсат ететін сигналы жанған кезде де, айналадағы жағдайды бағалап, қозғалыстың қауіпсіз екеніне көз жеткізуді ескертеді.
Фото: ПД
