Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер үшін жаңа мүмкіндік іске қосылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Ұлттық ақпараттық технологиялар баспасөзіне сілтеме жасап
Енді жол жүрісі қағидалары (ЖЖҚ) бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға болады. Әзірге бұл қызмет Астана қаласында пилоттық режимде қолжетімді.
Жаңа қызмет eGov Mobile қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" бөлімінде орналасқан. Ол үшін "Теорияны онлайн тапсыру" функциясын таңдау қажет.
Онлайн емтиханды кімдер тапсыра алады?
Бірінші кезеңде бұл мүмкіндікті тұрақты тіркеуі Астана қаласында орналасқан азаматтар пайдалана алады. Үміткер мына талаптарға сай болуы тиіс:
бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
көлік құралын басқару құқығынан айырылмаған болуы;
автомектепті аяқтағаны туралы қолданыстағы куәлігі болуы;
жарамды медициналық анықтамасы болуы;
диспансерлік есепте тұрмауы.
Өтінім беру кезінде жүйе аталған талаптардың орындалуын автоматты түрде тексереді.
Теориялық емтиханды онлайн қалай тапсыруға болады?
Алдымен eGov Mobile қосымшасына кіріп, "ХҚКО қызметтері" бөлімінен "Теорияны онлайн тапсыру" қызметін таңдау керек. Одан кейін:
1. Жүргізуші куәлігінің қажетті санатын таңдау.
2. 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді өңдеуге келісім беру.
3. Қызмет ақысын төлеу.
Төлем жасалғаннан кейін eGov жеке кабинетінде емтиханға арналған жеке сілтеме пайда болады. Оның жарамдылық мерзімі – 30 күн.
Емтихан 40 сұрақтан тұрады. Оны орындауға 40 минут беріледі. Сынақтан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет.
Тестілеу күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Алайда емтиханды бастау уақыты 19:20-дан кеш болмауы тиіс. Бір күнде емтиханды бір рет тапсыруға болады. Нәтиже талапқа сай болмаса, келесі күні қайта тапсыруға мүмкіндік бар.
Емтихан кезінде бақылау қалай жүргізіледі?
Қашықтан тестілеу ExamApp прокторинг жүйесі арқылы бақыланады. Емтихан басталар алдында жүйе үміткердің жеке басын фотосуреті арқылы тексереді.
Тестілеу барысында бейне және аудиожазба, сондай-ақ компьютер экранының жазбасы жүргізіледі. Бұдан бөлек, камерасы қосулы екінші смартфон қажет. Оны емтихан тапсырушыдан шамамен 1,3 метр қашықтықта орналастырып, кадрға адамның өзін, жұмыс үстелін және компьютер экранын түсіру керек. Емтихан алдында бөлмені де камераға көрсету талап етіледі.
Жүйе компьютерде VPN, Proxy, қашықтан басқару бағдарламалары, виртуалды машиналар және қосымша мониторлар сияқты тыйым салынған құралдардың бар-жоғын тексереді. Емтихан кезінде басқа терезелерге ауысу бұғатталады.
Барлық ықтимал заңбұзушылық автоматты түрде тіркеліп, кейін уәкілетті мамандар тарапынан қаралады.
Емтихан тапсыру үшін қандай құрылғылар қажет?
Онлайн тестілеуден өту үшін:
Windows 7 және одан жоғары немесе macOS жүйесі орнатылған компьютер не ноутбук;
веб-камера;
микрофон;
тұрақты интернет;
камерасы жұмыс істейтін екінші смартфон қажет.
Браузер ретінде Google Chrome пайдалану ұсынылады. Емтиханды телефоннан, планшеттен немесе гибридті құрылғыдан тапсыруға рұқсат етілмейді.
Теориялық емтиханнан сәтті өткен үміткер "ХҚКО" қосымшасы арқылы практикалық жүргізу емтиханына жазыла алады немесе жақын маңдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.
Әзірге онлайн тапсыру қызметі тек Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Пилоттық жобаның басқа өңірлерге қашан енгізілетіні әзірге нақтыланбаған.
Фото: Жасанды интеллек арқылы
