Лента новостей

Абай облысында 250 жаңа жұмыс орнын ашатын ірі жоба жүзеге асуда

ет, зауыт, Семей

Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округінде салынып жатқан "Eurasia Agro Semey" ЖШС ет өңдеу кешенінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Жалпы құны 10 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдегі агроөнеркәсіп саласын дамытуға серпін беріп, жергілікті шаруалардың өнімін тиімді өткізуіне мүмкіндік жасайды. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 11,4 мың тонна дайын өнім өндіреді.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанда 187 жұмысшы мен 30 арнайы техника жұмылдырылған. Кәсіпорын заманауи еуропалық және америкалық технологиялық жабдықтармен қамтылуда.

Зауытта бір ауысымда 100 бас ірі қара мен жылқы, 1 000 бас ұсақ мал союға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, тәуліктік ауысымда 5 тонна шұжық және 12 тонна консерві өнімдерін өндіретін цехтар қарастырылған.

Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі үшін өңірдегі 100-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған. Бұл жергілікті мал шаруашылығын қолдап, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашады.

Облыс әкімі Берік Уәли жобаның маңыздылығына тоқталып, негізгі мақсат – сапалы ет өнімдерін өндіру арқылы Семей ет комбинатының даңқын қайта жаңғырту екенін атап өтті.

Жоба жетекшілерінің мәліметінше, жыл соңына дейін мал союды бастау жоспарланған. Қаңтар айында шұжық және консерві өнімдерін өндіру қолға алынса, наурызда фирмалық дүкендер ашылып, отандық өнімдер саудаға шығарылады.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөзі

Теги: , ,
Просмотров (80)