Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде сахналанған "Арманым, Әселім!" спектаклі үш күн қатарынан аншлагпен өтіп, көрерменнің зор ықыласына бөленді, деп хабарлайды Arnapress.kz
Үш күн бойы театр залы көрерменге лық толып, әр қойылым ерекше атмосферада өтті. Көрермендердің спектакльге деген қызығушылығы, сахнадағы оқиғаларға шынайы әсері мен қойылым соңындағы ұзақ қошеметі театр өміріндегі айтулы сәттердің біріне айналды.

"Арманым, Әселім!" – махаббат пен адам тағдырын, сенім мен жауапкершілікті, өмірлік таңдау мен кеш келген өкінішті арқау еткен сахналық туынды. Қойылымда адам баласының қолындағы бақыттың қадірін дер кезінде түсіне алмауы, бір сәттік шешімнің тұтас тағдырға әсері және жоғалтқан бақытты қайта табудың қиындығы терең суреттеледі. Шығарма желісі көрерменді кейіпкерлердің ішкі әлеміне үңілдіріп, адамгершілік құндылықтар мен өмірдің мәні туралы ойға жетелейді.
Спектакльдің сахналық нұсқасын жасап, режиссерлік шешімін жүзеге асырған – Ерлан Кәрібаев. Қойылымның суретшісі – Жанна Жүнісова, композиторы – Шовкат Курбанов, жарық суретшісі – Еламан Ахметов, хормейстері – Данияр Сейлхадиров.
Режиссер Ерлан Кәрібаев биылдан бастап өңірімізге келіп, Абай театрының көркемдік жетекшілік қызметіне кірісті. Бұған дейін Алматы қаласындағы Н.Жантөрин атындағы театрда және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып еңбек еткен. Arnapress.kz тілшісі режиссермен сұхбаттасып, "Ардағым, Әселім!" спектаклі жайлы тілдесті.
Режиссер Ерлан Кәрібаевтың айтуынша, спектакльді сахналау идеясы театр репертуарындағы тақырыптық бағытты кеңейту және көрерменнің театрға қызығушылығын арттыру мақсатынан туындаған.
"Біз басында репертуарымызға не жетіспейді деген сұрақ қойдық. Театр қойылымдарының басым бөлігі драма, трагедия, қайғы-қасірет тақырыптарымен шектелгендіктен, бұл жолы махаббат тақырыбына жүгінгіміз келді. Халықтың театрға келу мәселесін де дұрыстау керек болды. Уақыт сынынан өткен шығармаларға жүгінейік деген оймен Шыңғыс Айтматовтың осы туындысын таңдадық", – дейді режиссер.
Оның сөзінше, қазіргі таңда Алматыдағы Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен Астанадағы Шабыт Өнер академиясынан театрға 11 жас маман келген. Ал "Арманым, Әселім!" олардың шығармашылық әлеуетін ашып, актерлік мүмкіндіктерін көрсетуге қолайлы шығарма болған. Басты рөлдерде ойнайтын жас актерлердің жасы – 18-де. Режиссердің айтуынша, жас болғандарына қарамастан, олар қойылған талаптарға сай жұмыс істеп келеді. Спектакльді дайындау жұмыстары екі жарым айға созылған. Бастапқыда төрт құраммен жұмыс жүргізілген.

Бұл қойылымның ерекшелігі тек драматургиялық мазмұны мен актерлік шеберлігінде ғана емес, сонымен қатар сахналық шешімдері мен заманауи техникалық мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануында. Қойылымның әрбір деталіне ерекше мән беріліп, жарық пен дыбыстық сүйемелдеу, сахналық безендіру біртұтас көркемдік шешімге бағындырылған.

Әсіресе, спектакльдегі сахналық эффектілер көрермен назарын ерекше аударды. Төбеден жаңбыр жауып, қар бораған сәттерде залдағы көрермен оқиға ортасына енгендей әсер алды. Сахнаға ауыр жүк көлігінің кіріп, қозғалып жүруі, сіріңкемен қағаз өртеу секілді көріністер қойылымның шынайылығын арттыра түсті. Кішкентай сәбидің табиғи эмоциясы да сахналық оқиғалардың әсерін күшейтіп, көрерменді шығарма әлеміне жақындата түсті.

Режиссер Ерлан Кәрібаевтың айтуынша, жаңбыр мен қардың жаууы – оның шығармашылық қиялынан туған сахналық шешімдер. Қойылымды әзірлеу барысында басты мақсат көрерменге оқиғаны жай ғана көрсету емес, оны жүрегімен сезіндіру болған.
"Бұл спектакльді халық көрініс ретінде емес, жүрекпен сезінсе екен деген ниет қойдық. Сезіну үшін оның барлығы шынайы болуы керек. Мысалы, бала сахнасында қуыршақ қолдансаң, көрермен бәрібір оған толық илана қоймайды. Сондықтан әрбір сәтті мейлінше шынайы, өмірге жақындатуға тырыстық. Шыңғыс Айтматов – адамның ішкі жан дүниесінде тебіреніс тудыратын драматург. Мұнда әрбір деталь мағынамен байланыстырылған, метафоралық шешімдер бар. Бұл жай ғана көрерменге ұнайықшы деген ниетпен жасалған дүние емес", – дейді режиссер.
Қойылымның техникалық және көркемдік мүмкіндіктерін жоғары деңгейде жүзеге асыру мақсатында еліміздегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандар да арнайы шақырылған. Бұл театрда қолға алынған жаңа бағыттың, көркемдік кеңес жұмысының және сахналық сапаны арттыруға бағытталған жүйелі ізденістің нәтижесін көрсетеді.
Спектакльді сахналау шығармашылық ұжымнан үлкен күш-жігер мен табандылықты талап еткен. Режиссер қойылымды дайындау барысында жеті келі салмақ жоғалтқанын айтады. Оның сөзінше, спектакльді дүниеге әкелу де бала тәрбиелеп, өмірге әкелгендей күрделі процесс.
"Спектакль шығару өте қиын. Мен осы спектакльді шығару үшін жеті келі салмақ тастадым. Дүниеге бала қалай алып келсе, ол да тура сондай процесс. Ұйқы жоқ. Ұйықтасаң да миың тоқтамайтын дәрежеге жетеді. Сондықтан ішіңнен шыққан дүниеге мынау жақсы, мынау жаман деп айта алмайсың. Кез келген спектакль тірі организм сияқты. Өзі біледі қандай болғысы келетінін. Біз тек ниет етеміз. Тіпті соңғы сәттерде пайда болатын дүниелер болады. Өзіміз ойламаған нәрселер туындауы мүмкін. Ол да бір құбылыс. Тек тыңдап, көріп отырсаң, спектакльдің өзі не қажет екенін айтады", – дейді Ерлан Кәрібаев.
Спектакльден кейін көрермендердің білдірген пікірлері де қойылымның жоғары деңгейде қабылданғанын аңғартты.
"Абай театрының жаңа деңгейге көтерілгеніне куә болғандаймын, сахналық шешімдер, актерлік шеберлік пен техникалық мүмкіндіктер тұрғысынан театрдың Астана мен Алматының маңдайалды театрларынан кем түспейді. Алған әсерім, керемет, демалып шықтым спектакльден", - дейді қала тұрғыны.

Көрерменді тәнті еткен тағы бір ерекше сәт – спектакль аяқталғаннан кейінгі көрініс. Жұртшылық театр залынан бірден тарамай, шығармашылық ұжымға он минутқа жуық уақыт бойы тік тұрып қошемет көрсетті. Ал театрдың шыға беріс дәлізінде ұйымдастырылған жанды дауыстағы шағын концерт кештің әсерін одан әрі еселей түсті. Бұл көрермен мен театр арасындағы ерекше рухани байланыстың, өнерге деген құрметтің айқын көрінісі болды.

Қойылымның тұсаукесеріне облыс әкімі Берік Уәли де қатысып, театр ұжымының жаңа шығармашылық жұмысына оң бағасын берді. Аймақ басшысы театрдың шығармашылық әлеуетін арттыру мен өнер саласын дамыту бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ республикалық театр фестивальдерінде жетістікке жеткен өңірдің үш шығармашылық ұжымына алғыс хаттар табысталды.
Режиссердің айтуынша, театр ұжымы алдағы уақытта да репертуарды жаңа туындылармен толықтыруды жоспарлап отыр.
"Келесі жылы Шыңғыс Айтматовтың мерейтойына орай Қырғызстанда халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын шараға қатысу мүмкіндігін қарастырудамыз. Сонымен қатар мектеп оқушыларына арналған шағын форматтағы қойылым әзірлеу, репертуардағы комедия жанрының орнын толықтыру, "Вестсайд" мюзиклі негізінде музыкалық қойылым және Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтары" шығармасын сахналау жоспарда бар", дейді режиссер
Үш күн қатарынан аншлагпен өткен "Арманым, Әселім!" спектаклі – театр ұжымының шығармашылық ізденісі, кәсіби шеберлігі мен сахналық мүмкіндіктерін жаңа қырынан танытқан маңызды қойылым. Бұл көркемдік сапаны арттыруға, театр өнерінің өрісін кеңейтуге және көрерменге мазмұнды әрі әсерлі туындылар ұсынуға бағытталған жұмыстың нәтижесі.
13, 14 және 15 күндері толы залда өткен үш қойылым да көрермен жадында ерекше әсерімен сақталары сөзсіз. Ал сахнадағы өнерге көрсетілген он минуттық тік тұрып қошемет – шығармашылық ұжым еңбегіне берілген көрермен бағасы деп білеміз.
Басқы фото: Абай театры
Фото: Arnapress.kz
