Түркістан облысында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тыйым салынған темекі өнімдерін заңсыз өндіру және тарату фактісі әшкереленді. Бұл туралы Аrnapress.kz хабарлайды Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі сілтеме жасап
Агенттік мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Келес және Ордабасы аудандары аумағында орналасқан үш бірдей жасырын цехтың қызметі тоқтатылып, толықтай жойылған. Заңсыз өндіріс жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылып, күн сайын шамамен 20 адам жұмысқа тартылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, тыйым салынған снюс өнімдері еліміздің барлық өңіріне жүйелі түрде таратылып отырған. Заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын өнім, 30 тонна темекі шикізаты, 2 миллион қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ арнайы өндірістік жабдықтар тәркіленді.
Мамандардың айтуынша, тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 миллион дана бір реттік снюс өндіруге жеткілікті болған. Сонымен қатар сот санкциясымен заңсыз қызметтен түскен қаражатқа сатып алынған екі автокөлікке тыйым салынды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындарды сақ болуға шақырады. Снюс құрамында жоғары мөлшерде никотин мен улы химиялық заттар бар. Ол тез тәуелділікке әкеліп, ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдайды, жүрек-қантамыр аурулары мен улану қаупін айтарлықтай арттырады.
Фото: ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі видеосынан скриншот
