Лента новостей

Алматы мен Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылады

такси, жүргізушісіз, ЖИ, Алматы, Астана

Елімізде жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізу басталады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, қалалық мобильдік пен логистика саласында бірқатар инновациялық жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысы аумағында пилоттық режимде жүргізушісіз такси жобаларын іске қосу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама көлік саласына заманауи технологияларды енгізіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымды дамытуға серпін беріп, жол қауіпсіздігін жақсартуға да ықпал етпек. Ұзақ мерзімді перспективада жүргізушісіз көліктер нарығы цифрлық экономиканың жаңа сегментін қалыптастырып, бюджетке қосымша түсімдер әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 2026 жылдың 1 мамырынан бастап 50 жүргізушісіз автокөлік такси қызметін атқаратыны хабарланған болатын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дюсюков мәлімдеген еді. Оның айтуынша, жоба аясында көктемде қала көшелеріне 50 жүргізушісіз көлік шығару жоспарланып отыр.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (272)
ТопДок 1