Лента новостей

Лицензиясыз жұмыс: елде жүздеген емшара кабинеті анықталды

денсаулық, медицина, тексеру

Қазақстанда жеке емшара кабинеттеріне жүргізілген тексеру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған Arnapress.kz хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген мониторинг барысында ел бойынша 1900 жеке емшара кабинеті тексерілген. Соның ішінде 408 кабинет тиісті лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткені анықталған.

Тексеру нәтижесінде 270 емшара кабинеті өз қызметін ерікті түрде тоқтатқан. Сонымен қатар, бірқатар нысан қызметін заңдастыруға дайын екенін білдіріп, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Қазіргі уақытта 116 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер басталған.

Аяқталған тексерулер қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, медициналық қызметті лицензиясыз жүзеге асыру, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамау, дәрілік заттарды сақтау ережелерін бұзу, білікті мамандардың жетіспеуі және шұғыл көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтардың болмауы тіркелген.

Бақылау шараларының нәтижесінде 147 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 16 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Денсаулық сақтау министрлігі қабылданып жатқан шаралар ең алдымен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға және заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталғанын атап өтті.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (147)
ТопДок 1