Лента новостей

Алаяқтар жаңа айлаға көшті: емхана қызметкері болып хабарласады

алаяқтық, емхана, медицина

Әлеуметтік желілерде азаматтарға емханаларға барғаннан кейін түсетін күмәнді қоңыраулар туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгісіз тұлғаларға SMS-кодтарды және жеке деректерді бермеуге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады, деп хабарлайды Arnapress.kz министрлік баспасөзіне сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, мұндай жағдайлар еліміздің әртүрлі өңірлерінде тіркеліп отыр. Алаяқтар көбіне азаматтардың, әсіресе егде жастағы адамдардың сеніміне кіріп, өздерін емхана немесе басқа медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырады.

Министрлік келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

• SMS-кодтарды және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеу;

• телефон арқылы алынған ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеру;

• күмәнді қоңыраулар болған жағдайда өз емханаңызға немесе құқық қорғау органдарына жүгіну.

Азаматтарға өздерінің тіркелу мәртебесін eGov Mobile қосымшасы немесе Damumed арқылы дербес тексеру ұсынылады.

Сондай-ақ медициналық ұйымдарға қабылдауға жазылу eGov порталы, медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары немесе тіркеу бөлімі арқылы жүзеге асырылады.

Айта кету керек, SMS-кодтар пациенттерге тек цифрлық сервистерде авторизациядан өту кезінде ғана жіберіледі. Медициналық ұйым қызметкерлері телефон арқылы SMS-код сұрамайды.

Қазіргі уақытта пациенттердің қабылдауға барғанын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жүйелердің бұзылуы немесе рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелмеген.

Министрлік мәліметінше, сипатталған жағдайлар азаматтарды жаңылыстыру арқылы олардың жеке деректері мен қаржылық сервистеріне қол жеткізуге бағытталған кең таралған алаяқтық схемалардың белгілеріне сәйкес келеді.

Просмотров (92)
ТопДок 1