Алакөл жағалауындағы дәретханалардың ақылы болуы көпшіліктің сұрағын тудырған еді. Осы жайында сайтымызда көтеріп, қыдырып барушылардың өтінішін жазған болатынбыз.
Бұл мәселеге Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Абдрахманов Рахатқа хабарласып білдік. Оның айтуынша, мұндай шешім былтырғы жағдайдан кейін қабылданған.
"2025 жылы демалушылар дәретханаларды қатты ластағанын білетін шығарсыздар. Соған байланысты көптеген шағым түсті. Қазір тазалықты тұрақты қамтамасыз ету үшін арнайы қызметкерлер жұмыс істейді. Ақылы қызметтен түскен қаражат сол қызметкерлердің еңбекақысына және дәретханаларды күтіп-ұстауға жұмсалады", – деді Рахат Абдрахманов.
Демалушылардың бір бөлігі қызметтің ақылы болуына қарсылық білдірсе, енді бірі тазалық пен тұрақты күтім қамтамасыз етілсе, мұндай тәжірибені қолдайтынын айтуда. Ал аудан әкімдігі ақылы жүйе санитарлық талаптарды сақтап, демалыс аймағын таза ұстауға мүмкіндік береді деп отыр.
