Лента новостей

Қазақстанда Салық кодексіне жаңа түзетулер ұсынылды

салық, жеңілдік, заң

Жобалық кеңсенің отырысында жаңа Салық кодексіне енгізілуі мүмкін түзетулердің кезекті блогы қаралды, деп хабарлайды үкімет сайтына сілтеме жасаған Arnapress.kz 

Қазақстанда Салық кодексіне енгізілетін 45 жаңа түзету ұсынылды. Өзгерістер Жобалық кеңсе мен салалық жұмыс топтарының ұсыныстары, Мемлекет басшысының тапсырмалары және Үкімет шешімдері негізінде әзірленген.

Жаңа түзетулердің қатарында цифрлық активтердің заңды айналымын дамыту үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтермен жасалған операциялардан түскен жеке тұлғалардың табысын жеке табыс салығынан босату ұсынылып отыр.

Сонымен қатар инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылым шығындарын өтеу, тауарды таңбалау шығындарына қосымша шегерім беру, мүгедектігі бар азаматтарға салықтық жеңілдіктерді кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдері мен қаржы секторына қатысты бірқатар өзгерістер енгізу көзделген.

Түзетулер салықтық әкімшілендіруді цифрландыруды жалғастыруға, рәсімдерді жеңілдетуге және қолданыстағы заңнамадағы мәселелерді шешуге бағытталған. Кейбір бастамалар бизнес қауымдастығымен қосымша талқыланатын болады.

Фото: ЖИ

Просмотров (107)
ТопДок 1