2026 жылғы 10 шілдеден бастап Қазақстандағы тағы бес ақылы автожол учаскесінде көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа жүйе келесі бағыттарда жұмыс істейді:
Ақтөбе – Қандыағаш;
Алматы – Қорғас;
Көкшетау – Петропавл;
Астана – Теміртау;
Астана – Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері.
ІІМ мәліметінше, бұл жүйе жүргізушілерді жазалау үшін емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтауға бағытталған. Орташа жылдамдық жолдың белгілі бір бөлігін жүріп өту уақыты арқылы есептеледі. Сондықтан тек камера тұрған жерде емес, бүкіл учаске бойында белгіленген жылдамдықты сақтау қажет.
Еске салайық, орташа жылдамдықты бақылау 2025 жылдың 17 наурызынан бастап республикалық маңызы бар сегіз ақылы автожолда енгізілген болатын. Алдағы уақытта бұл жүйені тағы 14 ақылы жол учаскесіне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жылдамдықты асырмауға және қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Фото: ЖИ
