Қазақстанда мектеп оқушыларына арналған оқулықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz Үкіметке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылмақ. Ал 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық жаңарта отырып, 10-11 сыныптардың оқулықтары өзектендіріледі. 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтарды шығару көзделген.
Жаңартылған мазмұн оқушылардың білім сапасын арттыруға, олардың аналитикалық және ғылыми ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған.
"Дәл осы тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге, олардың аналитикалық және ғылыми ойлауын дамытуға, сондай-ақ қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асыратын болады", - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға да ерекше назар аударылмақ. Бұл бағытта дуальды оқыту жүйесін күшейту арқылы теория мен тәжірибені ұштастыру көзделіп отыр.
Министрлік білім беру сапасын арттыру арқылы зияткерлік ұрпақ қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды жалғастырады. Тәрбие жұмысы да күшейтіліп, 5-9 сыныптарға арналған "Адал Азамат" бірыңғай бағдарламасы, "Конституция негіздері", "Заң мен тәртіп" курстары және экологиялық білім беру енгізіледі.
Бұл бастамалар оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, патриоттық, әлеуметтік және экологиялық құзыреттерін дамытуға ықпал етпек.
Фото: жасанды интеллект арқылы
