Лента новостей

Алматыдағы жаңа студияға қазақ радиосының тұңғыш дикторы есімі берілді

студия, Мина Сейітова, Алматы

Алматыдағы “Радио үйі” ғимаратында “Шалқар” радиосының толық жөндеуден өткен жаңа студиясы салтанатты түрде ашылды. Жаңа студияға қазақ радиосының тұңғыш дикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітованың есімі берілді, деп хабарлайды Arnapress.kz turkystan.kz сілтеме жасап

Салтанатты шараға радио саласының ардагерлері, қазіргі қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Студияның тұсаукесер рәсімінде радионың бірқатар аға буын өкілдері - Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Алтын Иманбаева - сөз сөйлеп, бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Жаңа студия “Шалқар” радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында, радио өнерінің көрнекті өкілі Мина Сейітованың жарқын есімін ұлықтау мақсатында ашылды. Бүгіннен бастап жаңа студиядан радионы тыңдарманға тікелей эфирде оннан астам бағдарламасы жол тартады.

Студия заманауи үлгіде жабдықталған және қабырғасына Мина Сейітованың портреті ілінген. Интерьерде Астана мен Алматы қалаларының көрікті жерлері бейнеленген.

Мина Сейітова 1919 жылы 20 тамызда Қостанай облысы Қарабалық ауданының №9 ауылында дүниеге келген. 1934 жылы, небәрі 15 жасында, Қазақ радиосына қызметке қабылданды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Мәскеуден тараған ресми ақпараттарды Юрий Левитан жеткізсе, қазақ даласына соғыс хабарларын Мина Сейітованың үні жеткізді.

Өмір бойы радио саласына елеулі үлес қосқан Мина Сейітова еңбек жолында бірнеше жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол 1978 жылы құрметті демалысқа шығып, 1987 жылы дүниеден өтті.

Қазіргі жас журналисттер мен эфир жүргізушілері жаңа студияда жұмыс істеп, Мина Сейітованың атын иеленген залда эфир жүргізетіндеріне үлкен риза екенін айтып өтті. Олар үшін бұл – рухани демеу әрі кәсіби жетістіктерін шыңдайтын жаңа мүмкіндіктердің бастауы.

Фото: turkystan.kz

Просмотров (201)
ТопДок 1