Лента новостей

Ұлттық өнер – ұлт коды: ЮНЕСКО мойындаған Астаналық шебермен сұхбат

Қолөнер, шебер, ЮНЕСКО

Қазақтың бай мұрасы мен ұлттық болмысын бүгінгі күнге жеткізіп жүрген шеберлердің бірі - қолөнер шебері, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, мәдениет саласының үздігі Бұлбұл Кәпқызы. Оның әрбір туындысы - тарихтың ізі, ұлттың үні, дәстүрдің жалғасы. Arnapress.kz тілшісі Бұлбұл Кәпқызымен сұхбаттасып, ұлттық өнердің құндылығымен танысты

Астаналық шебердің айтуынша, өнерге деген қызығушылығы бала кезден басталған. Әжесінің қасында жүріп, киіз үйге қажетті бұйымдарды жасаудың қыр-сырын меңгерген ол, бау тоқудан бастап, сырмақ пен түскиіз тігуге дейінгі барлық процесті көзбен көріп, қолмен ұстап өскен.

"Өнерге бала кезден құштар болдым. Қырлы сырмақтың үстінде өсіп, киіз үйдің барлық керек-жарақтарын әжемнің қасында отырып үйрендім. Әжеме көмектесіп, бау, ши тоқып, өрмек тоқып, сырмақ, түскиіз тіккендерін көріп, бойыма сіңірдім. Кейінен мамандығымды тастап, жүрек қалауым осы өнерге бет бұрдым. Біз ата-бабамыздың ұлттық мұрасын ұрпаққа жеткізуші көпірміз деп түсінемін. Сондықтан қазақилығымызды, барлық ұлттық тәрбиені бойына сіңірген өнер біздің ұрпағымызға өте қажет деп ойлаймын. Жалпы, өнер тұрған жерде тәрбие тұрады. Екеуі бір-бірімен ұштасқан. Өнер деген адамды шыдамдылыққа, төзімділікк, сабырлылыққа, байсалдылыққа, сұлулыққа, әдемілікке құштар етіп тәрбиелейді", - дейді ол

Бұлбұл Кәпқызы үшін қолөнер – тек кәсіп емес, ол – ұлттың коды. Оның пікірінше, әрбір халық өзін ең алдымен өнері арқылы танытады. Қазақтың ою-өрнегі, кілемі мен сырмағы - халқымыздың ерекшелігін айқындайтын басты белгілердің бірі.

"Біздің ұлттық ерекшелігіміз - біздің қолөнеріміз. Ол біздің тарихымыз. Осы қолөнеріміз арқылы қазақ деген ел, қазақ деген ұлт екенімізді қолөнеріміз арқылы дәлелдейміз. Шетелде жүргенде де адамдарды киген киімі мен жасаған өнері арқылы ажыратып жатамыз. Мысалы, мынау түркімен кілемі, мынау әзербайжан, мынау Қазақстанның кілемі деп ажыратамыз. Әрбір ұлт өзін басқа ұлтқа таныту үшін қолөнері ерекше рөл атқарады. Біздің ою өнеріміз біздің кодымыз. Осы арқылы өзіміздің ұлтымызбен мақтана аламыз. Әдемі сырмақ, текемет, ұлттық киімдерімізбен мақтана аламыз", - дейді Бұлбұл Кәпқызы 

Бүгінде шебер киіз үйдің барлық элементтерін жасай алатын жан-жақты маман. Ол кілем тоқу, сырмақ тігу, алаша және бау-басқұр тоқу, біз кесте тігу секілді дәстүрлі өнердің бірнеше түрін қатар алып жүр. Әсіресе, алаша тоқу мен кілем өнеріне ерекше ден қойған.

"Мен қолөнерде ата-абаларымыздың ізін жалғап, дәстүрлі өнердің кенжелеп қалмауына атсалысамын. Бүгінгі таңда көп шұлыданатын өнерім алаша тоқу өнері, біз кесте тігу өнері, түкті, тақыр кілем тоқу өнері және сырмақ тігу өнері. Қазақтың бұл өнерлері өте күрделі негізі. Жасалу процесі де өте ұзақ. Соның арқасында бұл өнерлер мың жыл жасады. Өйткені, ыждаһадтылықпен, табиғи өнімдермен жасалып, көздің нұры, қолдың табы сіңіп жасалғандықтан бір ғасыр жасай алады деп ойлаймын. Біздің өнеріміз мәңгі", - дейді шебер 

Шебер өз жұмыстарында табиғи материалдарға ерекше мән береді. Барқыт, қамқа, жаккард, зығыр маталармен қатар жүн, мақта, жібек жіптерді қолдану – оның басты қағидаларының бірі. Әрбір ою-өрнек те өз орнымен, өз мәнімен қолданылуы тиіс екенін айтады.

"Қолөнердің негізгі элементі - ою өрнек. Осы оюды әрбір детальға салғанда өзіне лайықты қолдану аясымен салу керек. Өң, рең ерекшелігін қараймын. Матасын, қолданатын материалдарыма мән беремін. Аналарымыз көбінде барқыт, қатипа барқыт, қамқа, жаккард, лен сияқты табиғи маталарды қолданған және пайдаланатын жібіміз жүн жіп, мақта жіп, жібек жіптерді қолданамын өзім", - дейді шебер

Сапа – Бұлбұл Кәпқызы ең бірінші орынға қоятын талап. Оның еңбектерінің ЮНЕСКО сапа белгісімен марапатталуы да – осы ұстанымның дәлелі. Шебер бүгінгі ұрпақтың көзайымына айналатын, ертең тарихта сақталатын құнды дүниелер жасауды мақсат етеді.

"Әрбір жасаған затың алдымен өз көңіліңнен шығу керек. Содан кейін халықтың, көптің ең сүйікті тұтынатын затына айналуы керек. Сол деңгейге жұмыс істейміз. Шыдамдылық, төзімділік, мойымаудың арқасында үлкен жетістіктерге жетуге болады. Бастаған істі орта жолда қалдырмай, соңына жеткіземін. Әжем айтатын: “қалған істі қатынның қайраттысы бітіреді”, - деп. Себебі, бір текеметті, сырмақты тоқу оңай емес, 2-6 айға дейін бір жұмыс созылуы мүмкін", - дейді ол.

Дәстүрлі өнерді заманауи бағытпен ұштастыру да шебердің негізгі бағытының бірі. Ол біз кесте арқылы қазіргі үлгідегі киімдерді сәндеп, ұлттық нақышты жастарға жақындата түсуде.

"Аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонып жүргенде үш ағашпен ғана қаншама өнер жасайтынбыз. Киіз үйдің барлық дүниелерін арқан есуден бастап, алаша, өрмек, бауларды өте ыждаһаттылықпен жасалатын өнер ғой. Әлемдік деңгейде теңдесі жоқ өнер. Ақбасқұрымыз, қалбасқұрымыз, екі жүздеме мысалы. Киіз, текемет, сырмақ өнерімен де ерекшеленеміз", - деп өз сөзін түйіндеді Бұлбұл Кәпқызы

Бұлбұл Кәпқызы - ата-баба мұрасын жаңғыртып қана қоймай, оны жаңа тыныспен дамытып жүрген шебер. Оның еңбегі - ұлттың рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: Бұлбұл Кәпқызы

Просмотров (189)
ТопДок 1