Астанада Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен "Ұлттық қолөнер мектебі" білім беру жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба балалар мен жастар арасында қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеп, ұлттық мәдени мұраны сақтауға бағытталған.
Бағдарлама аясында еліміздің әр өңірінен іріктелген 208 оқушы танымал қолөнер шеберлерінен тегін білім алады. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Іріктеу кезеңіне республика бойынша 331 қолөнер шебері тәлімгер болуға өтінім берген. Нәтижесінде олардың арасынан үздік 10 шебер таңдалды. Ал оқу бағдарламасына қатысуға 450-ден астам өтінім түсіп, соның ішінен 208 оқушы іріктелді.

Оқу 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өтеді. Қатысушылар зергерлік өнер, киіз басу, керамика, сүйек ою, кілем тоқу, тері және ағаш өңдеу секілді ұлттық қолөнердің он бағыты бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысады. Барлық қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар ұйымдастырушылар тарапынан тегін беріледі.
Жоба оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар ұлттық қолөнерді заманауи креативті индустриямен ұштастырып, жаңа авторлық жобалардың пайда болуына мүмкіндік жасайды.
Фото: Министрліктен
