Абай облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіпті бұзған бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Polisia.kz сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы контент анықталған. Тікелей эфир кезінде бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен және есірткі қолданатынын мәлімдеген.
Жедел іздестіру нәтижесінде құқық бұзушының Түркістан облысының тумасы, қазіргі уақытта Семей қаласында уақытша тұрып жатқан 26 жастағы Азиза Қоқанова екені анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша оның алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды.
Сот шешімімен оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстардың күшейтілгенін мәлімдеген болатын. Ведомство интернет кеңістігінде жасалған әрбір құқық бұзушылық заң аясында қаралып, тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Фото: Polisia.kz
