Семей қаласында көлік қозғалысы кезінде люктен денесін шығарып, өзін ұялы телефонға видеоға түсірген жасөспірімнің заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы ПД сілтеме жасап
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Видеода Семей қаласындағы көпірлердің бірімен қозғалып келе жатқан Changan X5 Plus автокөлігінің жолаушысы көліктің люгінен денесін шығарып, бейнежазба түсіріп тұрғаны көрінеді.
Полицейлер оқиғаға қатысушылардың жеке басын жедел анықтады. Көлікті басқарған Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал қауіпсіздік талаптарын бұзған жолаушының 16 жаста екені белгілі болды. Кәмелетке толмағандықтан, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік оның заңды өкіліне жүктелді.
Полиция мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Ведомствоның мәліметінше, көліктің кенет тежелуі немесе күрт бұрылуы ауыр жарақатқа, тіпті қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Фото: ДП
