Лента новостей

Бағаға бақылау күшейді: делдалдар тізбегі қысқартылып жатыр

баға, қадағалау, делдал

Бағаны тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік бақылауды қоса алғанда, кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 2026 жылдың басынан бастап ӘМАТ тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді, деп хабарлайды Arnapress.kz Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Ағымдағы жылдың сәуір айының ортасындағы дерек бойынша, ӘМАТ бойынша шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 406 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл 2025 жылы тіркелген құқық бұзушылықтардың шамамен жартысына тең.

Баға қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау жұмыстары да жанданды. Өңірлерде барлығы 372 комиссия отырысы өткізіліп, 1 092 заң бұзушылық анықталды. 974 әкімшілік хаттама толтырылып, 118 делдал тауар өткізу тізбегінен шығарылды.

Негізгі бағыттардың бірі – электрондық шот-фактураларды талдау. Жыл басынан бері сауда үстемесін асыру қаупі бар 2 361 жағдай анықталып, тиісті өңірлік органдарға жолданды.

Министрлік бақылаудың заманауи әдістерін енгізіп отыр. Атап айтқанда, электрондық деректерді талдауда жасанды интеллект сияқты цифрлық технологиялар қолданылуда. Бұл құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тиімсіз делдалдықты азайту үшін жаңа талдау әдістері енгізілген. Бір өңір ішінде көп деңгейлі көтерме тізбектер және қысқа мерзімде жасалған күрделі мәмілелер автоматты түрде анықталып, тексеруге жіберіледі.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі алдағы уақытта да бақылау тетіктерін жетілдіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.

Фото: ЖИ

Просмотров (121)
ТопДок 1