Лента новостей

Семейдегі Бобровка кентінде жаңа спорт кешені ашылды

спорт, кешен, жаңа

Семей қаласының Бобровка кентінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, жаңа нысанның өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін атап өтті.

Екі қабатты спорт кешені 1200 шаршы метр аумақты алып жатыр және бір мезетте 70 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда волейбол, баскетбол, футзалға арналған әмбебап спорт залы, сондай-ақ қазақша күрес, дзюдо, еркін және грек-рим күресіне арналған арнайы залдар бар.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қазір Абай облысында 20 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Семейдің Водный кентінде жаңа спорт кешені ашылса, Ақсуат ауданындағы Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері пайдалануға берілген.

Сонымен қатар Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласында жүзу бассейндері, Аягөз, Үржар, Абай және Көкпекті аудандарында жаңа спорт модульдері салынуда.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөзі

Просмотров (332)
ТопДок 1