Лента новостей

Қазақстандағы барлық перинаталдық орталықтарда ауқымды тексеру басталады

денсаулық, бала, ана, орталық

Қазақстанда босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда 15 тамызға дейін ауқымды тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

 Тиісті тапсырманы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова берді.

Тексеру барысында инфекциялық бақылау талаптарының сақталуы бағаланып, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға ерекше назар аударылады.

Министрліктің мәліметінше, тексерудің негізгі мақсаты - айыппұл салу емес, тәуекелдердің алдын алу, медициналық көмектің сапасын арттыру және инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіру.

Сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен, дезинфекция құралдарымен, жеке қорғаныш құралдарымен және бір реттік медициналық материалдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерін тұрақты оқыту тапсырылды.

Бұдан бөлек, антибиотиктерге төзімділіктің алдын алу мақсатында бактерияға қарсы препараттарды тек дәрігер рецептісімен босатуға бақылау күшейтіледі.

Тексеру нәтижелері бойынша әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған жол карталары әзірленіп, іске асырылады.

Фото: ЖИ

Просмотров (151)
ТопДок 1