Лента новостей

Семейде ата-аналар мектеп оқушыларына арналған автобустың қайта жүруін талап етуде

мектеп, автобус, қайта, сұрайды

Семей қаласы Шығыс кентіндегі №47 мектепте оқитын балалардың ата-аналары мектеп автобусының тоқтатылуына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz 

Ата-аналардың айтуынша, қыркүйек айынан бері шалғайдағы саяжайлардан мектепке қатынайтын оқушылардың жол мәселесі қиындаған. Олардың сөзінше, бұған дейін мектеп автобусы балаларды тұрақты түрде тасымалдап келген. Алайда жаңа оқу жылында автобус қатынасы тоқтатылған. Үш баласы №47 мектепте оқитын Алма Касенова бұл шешіммен келіспейтінін айтты.


“Мектеп ашылғалы автобус жүріп, балаларымыз алаңсыз сабаққа барып-келетін. Биыл қыркүйек айында саяжайлардан №47 мектепке қатынайтын автобусты алып тастады. Себебін жаңадан мектептер ашылды, сол мектептерге барыңдар деп түсіндірді. Бірақ ол мектептер бізге жақын емес. Балаларымыз осы мектепте оқып, ортасына, мұғалімдеріне үйреніп қалды”, – дейді ата-ана.

Мәселеге байланысты редакция Семей қаласының білім бөлімінің басшысы Айдын Нұралдиновке хабарласып, түсініктеме алды.

“Бұл мәселені білеміз. Ата-аналар тарапынан шағымдар түсіп жатыр. Шығыс кентінде жаңадан екі мектеп салынды. Заң талаптарына сәйкес, мектеп үш шақырымнан аспайтын қашықтықта болса, оқушыларды тасымалдауға автобус берілмейді. Егер ата-аналар балаларын жақын маңдағы мектепке ауыстырғысы келмесе, оларды өздері тасымалдауы қажет”, – деді Айдын Нұралдинов.

Ал ата-аналар балалардың үйренген ортасынан, мұғалімдері мен достарынан айырылуын қаламайды. Баласына алаңдаған ана Гүлнар Каримованың айтуынша, мектеп ауыстыру балаға психологиялық тұрғыдан қиындық тудыруы мүмкін.

“Бізге №45 немесе №53 мектепке ауысыңдар дейді. Бірақ біз неге ауысуымыз керек? №47 мектептің білім беруіне көңіліміз толады. Балаларымыз осы ортаға үйренген. Мектеп пен мұғалімді ауыстыру оларға оңай емес. Сондықтан автобус қатынасын қайта қалпына келтіруді сұраймыз”, – дейді ол.

Ата-аналардың айтуынша, Шығыс кентіндегі басқа мектепке шалғай саяжайлардан қатынайтын оқушылар үшін автобус бөлінген. Осыған байланысты олар №47 мектеп оқушылары үшін де тасымалды ұйымдастыруды сұрап отыр. Мәселе мектеп директорына және қалалық білім бөліміне де жеткізілген. Енді ата-аналар облыс әкімдігіне жүгінуді жоспарлап отыр.

7-саяжай тұрғыны Айгерім Байболысованың айтуынша, қыс мезгілі жақындаған сайын балалардың қатынауы қиындай түсуі мүмкін.


“Алда қыс келеді. Күн суытқанда саяжайларда тұратын балалардың мектепке қатынауы қиындайды. Қоғамдық көлікке балалардың бәрі бірдей сыймайды. Кей отбасыларда бірнеше бала №47 мектепте оқиды. Сондықтан арнайы автобустың қайта берілуін сұраймыз” – дейді ата-ана.

Өз кезегінде №47 мектеп директоры жан жақтан, алыс саяжайдан балалар келіп оқитынын айтқанмен, жаңадан салынған мектепке баруларын ескертуде

“Біздің мектепте алыс саяжайлардан келіп оқитын 46 оқушы бар. Ата-аналарға мектеп қашық болса, жаңадан салынған білім беру ұйымдарына ауысуға болатынын айтып отырмыз. Алайда ата-аналар балаларын үйренген мектебінен ауыстырғысы келмейді. Шағыммен келгендердің аты-жөндерін жазып, өтініштерін білім бөліміне жолдаймыз. Сонымен қатар талап бойынша үш шақырымнан аспайтын қашықтыққа автобус бөлінбейтінін түсіндірдік”, – деді мектеп директоры.

 

Қазір ата-аналар мәселенің шешілуін күтіп отыр. Олар балалардың қауіпсіз әрі тұрақты түрде мектепке қатынауын қамтамасыз ету үшін автобус мәселесін қайта қарауды сұрайды.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (210)
ТопДок 1