Лента новостей

Абай облысында жыл басынан бері 428 мас жүргізуші ұсталды

жол, көлік, мас, тәртіпсіздік

Абай облысында мас күйінде көлік жүргізушілерге қатысты бақылау күшейтілген. Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңірде алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың 428 дерегі анықталған, деп хабарлайды Arnapress.kz полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Соңғы бір аптаның өзінде 35 құқық бұзушылық тіркелді. Семей қаласында өткен профилактикалық іс-шара барысында 39 жастағы жүргізуші тоқтатылып, медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Заң бойынша мұндай әрекет үшін 15 тәулікке әкімшілік қамау және 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция департаменті мас күйінде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін еске салып, тұрғындарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырады. Егер мас адамның көлік тізгініне отырғанын байқасаңыз, дереу полицияға хабар беру қажет. Бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға көмектесуі мүмкін.

Фото: ЖИ

Просмотров (452)
ТопДок 1