Лента новостей

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланбау – стратегиялық олқылыққа әкелуі мүмкін

көлік-логистика, Президент, Үкімет отырысы

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласын дамыту жаңа экономикалық үлгіге көшу жолындағы аса маңызды стратегиялық міндет екенін атап өтті. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген  отырысында айтты, деп хабарлайды Arnapress.lz Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей географиялық орнын тиімді пайдалану – ел дамуы үшін шешуші фактор.

"Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қарастырылуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұған дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болуы қажет. Бұл жаһандық бәсеке күшейген кезеңде аса маңызды қадам саналады.

Қазіргі таңда еліміздегі жүктің 60 пайызы теміржол арқылы тасымалданады. Осыған байланысты теміржол желілерін дамыту айрықша маңызға ие. Президент соңғы жылдары бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталғанын, жүк тасымалдау мүмкіндігінің артқанын атап өтті. Дегенмен, теміржол транзиті саласындағы әлеует толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты әрі жүйелі стратегияның жоқтығына назар аударды. Оның айтуынша, тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп, кейбір учаскелердегі жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Президент биыл "Мойынты – Қызылжар", "Дарбаза – Мақтаарал" бағыттарындағы жаңа теміржол желілерін іске қосуды, сондай-ақ "Алтынкөл – Жетіген" және "Бейнеу – Маңғыстау" теміржолдарын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, "Бақты – Аягөз" теміржол желісі уақтылы пайдалануға берілуі тиіс.

Мемлекет басшысы бұл мәселелер бірнеше рет көтерілгенін айтып, енді нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін атап өтті

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (220)
ТопДок 1