Лента новостей

13 шілдеден бастап Мемлекеттік Туды қолданудың жаңа тәртібі күшіне енеді

ту, қаулы, өзгеріс

Қазақстанда Мемлекеттік Туды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті қаулы Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды Arnapress.kz 

Енді жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға орналастыра алады. Бұл туралы Үкімет қаулысында көрсетілген.

Жаңа талапқа сәйкес, балконға ілінген Мемлекеттік Ту 45 градус бұрышпен орналастырылуы тиіс. Ал жеке тұрғын үйлерде туды кемінде үш метр биіктікке орнатуға болады және мұндай жағдайда оны түнгі уақытта жарықтандыру міндетті емес.

Сонымен қатар құжатта Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібі нақтыланған. Атап айтқанда, ту жерге, еденге, суға немесе өзге де беттерге тимеуі керек. Тік орналастырылған кезде ұлттық ою-өрнек жоғары жағында болуы тиіс. Сондай-ақ ту бүтін, таза, өңі оңбаған әрі зақымдалмаған күйде болуы қажет.

Ережелерге сәйкес, заңнама талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік Туды автокөлік салонында орналастыруға да рұқсат етіледі. Ал ғимараттың ерекшелігі туды қасбетке бекітуге мүмкіндік бермесе, оны ғимараттың жанындағы жеке ту тұғырына орнатуға болады.

Қаулыда Мемлекеттік Туды мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынатыны да көрсетілген. Сонымен қатар туды киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және басқа да тұрмыстық бұйым ретінде қолдануға болмайды. Мемлекеттік рәмізді әдейі бүлдіруге, өртеуге, жыртуға немесе оның қадір-қасиетін қорлайтын кез келген әрекетке жол берілмейді.

Енгізілген өзгерістердің бірі - енді спортшыларға Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімдер мен жабдықтарда пайдалануға ресми түрде рұқсат берілді.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді ресми сайттарда, ақпараттық стендтер мен плакаттарда орналастырудың бірыңғай тәртібі бекітілді. Онда алдымен Мемлекеттік Ту, кейін Мемлекеттік Елтаңба, одан соң Мемлекеттік Гимннің мәтіні орналасуы тиіс. Стендтер көк түсті фонда алтын түстес жазумен рәсімделеді.

Премьер-министр қол қойған қаулы 2026 жылғы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.

Фото: ЖИ

Просмотров (130)
ТопДок 1