Лента новостей

Наурыз қарсаңында туған 10 сәбиге ақшалай сыйлық беріледі

Наурыз, сәби, сыйлық

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ерекше әлеуметтік бастама қолға алынбақ. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай өзінің Facebook парақшасында жариялаған игі шара туралы Arnapress.kz тілшісіне айтып берді.

Оның сөзінше, өзі басқарып отырған компания наурыз айында дүниеге келген және ұлына Кенесары есімін берген алғашқы он отбасыға 400 мың теңге көлемінде жөргекпұл табыстауды жоспарлап отыр.

"Алда наурыз айы, Ұлыстың ұлы күні де жақындап келеді. Осыған орай компаниямыз шара ұйымдастырмақшымыз. Ұлына Кенесары деп ат қойған алғашқы он отбасыға 400 мың теңге көлемінде жөргекпұл беру ойда бар. Шарт бойынша, сәбилер наурыз айында дүниеге келуі тиіс. Қатысу үшін ата-аналар 8 771 236 77 04 WhatsApp нөміріне баланың туу туралы куәлігін жолдауы қажет. Ықылас білдірушілер көп болуы мүмкін, сондықтан сыйақы тек алғашқы он адамға табыстаймыз. Бұл - мақтан үшін жасалып жатқан дүние емес. Дұрыс түсінбей, “ақшасы тасып жатыр ма?” деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Алайда біздің ниет - елге титтей болса да пайдамызды тигізу. Еліме, жеріме қасықтай болса да үлесім қосылса, сол – менің арманымның орындалғаны", - деді Нұрсейіт Жылқышыбай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Кенесары есімі - қазақ халқы үшін айрықша қастерлі. Бұл есім азаттық жолында күрескен тарихи тұлға - Кенесары Қасымұлы атымен байланысты. Бастаманың басты мақсаты - батыр баба есімін жаңғыртып, ұлт рухын дәріптеу.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (193)
ТопДок 1