Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында үздік нәтижеге қол жеткізген қазақстандық командаларды құттықтады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияровқа сілтеме жасап Arnapress.kz хабарлады.
Жарыста Kazakhstan C командасы беделді турнирдің абсолютті жеңімпазы атанса, Kazakhstan A командасы жалпы есепте екінші орынға ие болды.
Мемлекет басшысы Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жасақталған команданың кәсіби дайындығы, физикалық және жауынгерлік қабілеті, сондай-ақ отаншыл рухы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздардың жеңіске деген ерік-жігерін ерекше бағалады.
Жарысқа 48 елден 109 команда қатысқан, ал қазақстандық арнайы жасақтар өз өнерлерін лайықты деңгейде көрсете білді. Мемлекет басшысы үлкен халықаралық аренада ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға тиісті құрмет көрсетілетінін жеткізді.
Бұл жеңіс Қазақстанның арнайы жасақ қызметкерлерінің халықаралық деңгейдегі кәсіби дайындық пен жауынгерлік шеберлігінің айқын дәлелі болып табылады және еліміздің қауіпсіздік саласындағы беделін одан әрі арттырады.
Фото: sgork_offical инстаграмм желісінен
