Ғашықтар күні қарсаңында интернет-алаяқтықтан сақ болуға үндеді деп хабарлайды Аrnapress.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Мереке алдында көптеген тұрғындар сүйіктісіне ерекше сыйлық іздеп, онлайн саудаға жүгінеді. Дәл осы кезеңде жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар туралы жарнамалар көбейіп, алаяқтар да белсенді әрекет етеді.
Ведомствоның мәліметінше, интернет-қылмыскерлер жалған сайттар ашып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтарды арзан тауарлармен қызықтырып, ақшасын иемденуге тырысады.
Осыған байланысты ІІМ келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:
• тауарды тек сенімді, тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алу;
• әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерді ашпау;
• шектен тыс төмен баға ұсынылса, сақ болу — бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін;
• сатушыдан тауардың нақты бар екенін растауды сұрау;
• бейнеқоңырау арқылы дүкеннің нақты мекенжайын көрсетуді талап ету (алаяқтар көбіне мұндай талаптан жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген сурет жібереді);
• төлем жасау кезінде ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармау.
Сонымен қатар ІІМ өкілдері бөгде адамдарға ешқашан құпиясөзді, SMS арқылы келетін кодты, CVV кодты және банк картасының толық мәліметін бермеуді ескертті.
Фото: жасанды интеллект арқылы
