28 желтоқсан күні кешкі сағат 19:00-20:00 аралығында Семей қаласындағы Энергетик шағынауданы мен Қаржаубайұлы көшесі бойын қалың қара түтін басып, өрттің өткір иісі сезілді. Arnapress тілшісі аталған аумақтан өтіп бара жатып, жағдайды көзбен көрген.
Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тілшіміз өрт сөндіру қызметіне хабарласты. Абай облысы ТЖД имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы бас маманының міндетін атқарушы Ернар Қасеновтің айтуынша, көрсетілген уақыт аралығында ешқандай өрт оқиғасы тіркелмеген.
"Мүмкін тұрғындар қоқыс өртеген болар", – деп қысқа жауап берді ол.
Алайда қалың түтін мен жағымсыз иіс жергілікті тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық тудырып отыр. Тұрғындардың айтуынша, ауадағы өткір иіс күнделікті тұрмысқа кедергі келтіруде.
"Иіс өте қатты. Сыртта серуендеуге де, далаға киім жаюға да мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты тиісті қызметтер аталған аумақты тексеріп, бақылауды күшейтсе екен", – дейді осы өңір тұрғыны.
Гүлнұр АХМЕТЖАН
Видео: Arnapress.kz
