Абай облысының әкімі Берік Уәли компания директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов бастаған инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды Arnapress.kz әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында гидроэнергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған құжат аясында Ертіс өзенінде жалпы қуаттылығы 900 мегаватт болатын Белокаменская, Ақжар және Известковская су электр стансаларын салу жоспарланған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу қарастырылған.
"Абай облысы инвестиция тарту жағынан елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Біз өңірдің гидроэнергетика саласының дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз", - деді компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шыңғыс Құлжанов.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли бұл жобалардың өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
"Энергетика - жетекші салалардың бірі. Гидроэлектростанциялар салу – облыс дамуы үшін маңызды бағыт", - деді аймақ басшысы.
Аймақта инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері инвестициялық жобалар саны 29-дан 112-ге дейін артып, жалпы көлемі 4,3 трлн теңгеге жетті. Биыл жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 жоба іске асырылып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Фото: Абай облысы әкімнің баспасөз қызметі
