Лента новостей

Абай облысында арнайы экономикалық аймақ құрылады

экономика, инвестиция, аймақ

Абай облысының аумағында арнайы экономикалық аймақ құру бастамасы Үкімет деңгейінде қолдау тапты, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа жобаларды іске асыру және инвестициялық әлеуетті кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі таныстырылды.

2025 жылдың басынан бері облыста инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін өсіп, тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге жеткен.

Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, 2026 жылы жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Өңірде инвесторлар тарапынан өндірістік нысандарды орналастыруға деген сұраныстың артуына байланысты "Өндіріс" индустриялық аймағының аумағы 96 гектардан 190 гектарға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған шағын өнеркәсіптік парк құру мүмкіндігі де қарастырылуда.

Жоба аясында арнайы экономикалық аймақтың аумағы бастапқы кезеңде 600 гектарды құрап, кейін 1000 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Басым бағыттар ретінде агроөнеркәсіп кешені, логистика, көлік-хаб қызметтері және өңдеу өнеркәсібі айқындалған. Бұл аумақта бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті мемлекеттік органдарға инвесторлардың қажетті рәсімдерден уақтылы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Фото: ЖИ

Просмотров (86)
ТопДок 1