Лента новостей

Жазда қазақстандықтар қайда саяхаттайды? Ең танымал бағыттар белгілі болды

пойыз, жаз, демалыс

Жазғы демалыс маусымында қазақстандықтар арасында көл жағалауы, теңіз курорттары мен туристік қалаларға сұраныс дәстүрлі түрде артады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚТЖ сілтеме жасап. 

Биыл да жолаушылар ең көп таңдаған бағыттардың қатарында Алакөл, Балқаш, Каспий теңізі жағалауы, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Бурабай бар.

Ең танымал бағыттардың көшін Алакөл бастап тұр. Көл жағалауына еліміздің бірнеше өңірінен 15 теміржол маршруты қатынайды. Жазғы маусымда бұл бағытта жолаушыларға 230 мыңға жуық орын ұсынылған. Алакөлге қатынайтын барлық вагондар ауа баптағыштармен жабдықталған.

Балқаш көліне 8 бағыт бойынша пойыздар жүреді. Жаз мезгілінде бұл бағыттағы жолаушылар саны орта есеппен 45 мың адамға жетеді.

Табиғат аясында демалуды қалайтындар үшін Бурабай да сұранысқа ие. Курорттық аймаққа 16 маршрут ұйымдастырылған. Жазда мұнда шамамен 65 мың жолаушы барады деп күтілуде.

Рухани туризм орталығы саналатын Түркістанға да қызығушылық жоғары. Қалаға 16 бағыт бойынша пойыз қатынап, жазғы маусымда 60 мыңға жуық жолаушы тасымалданады.

Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау бағытына сұраныс ерекше. Бұл бағыт бойынша 7 пойыз жүріп, жазда жолаушылар саны 155 мың адамға дейін жетеді.

Шипажайымен танымал Сарыағашқа 5 пойыз қатынайды. Жазғы кезеңде мұнда шамамен 9,5 мың жолаушы барады.

Сонымен қатар, елдегі ең көп теміржол маршруты Астана қаласына тиесілі - 36 бағыт. Ал оңтүстік бағыттар ішінде Алматы мен Шымкентке қатынайтын пойыздар да жоғары сұранысқа ие.

Ұлттық тасымалдаушының мәліметінше, жазғы маусымда пойыздармен жалпы 4,2 миллионнан астам жолаушы тасымалдау жоспарланып отыр.

Фото: Жи

Просмотров (152)
ТопДок 1