Лента новостей

Қарағайлыда көпқабатты 13 үйдің құрылысы жүріп жатыр

Қарағайлы, жаңа, тұрғын үй

Семейдегі Қарағайлы шағын ауданында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли қаладағы құрылыс нысандарын аралау барысында аталған ықшам ауданда салынып жатқан көпқабатты үйлердің жұмысымен танысты.

Қазіргі таңда мұнда 13 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобалар 2024 жылдың шілде айында басталған. Жалпы аумағы 67 мың шаршы метрден асатын баспаналар биыл тамыз айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Барлығы 712 пәтер салынып жатыр.

Қазір құрылыс алаңында ғимараттардың қаңқасы толық аяқталған. Мамандар әрлеу жұмыстарын жүргізіп, инженерлік желілерді тартуда. Электрмонтаждау, сантехникалық және қасбеттік жұмыстар да қатар атқарылып жатыр.

Аймақ басшысы құрылыс сапасы мен мерзімін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, халықты баспанамен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан барлық нысан сапалы әрі уақытында тапсырылуы тиіс.

Сонымен қатар облыс әкімі 414 пәтерге арналған тағы 5 тұрғын үйдің құрылыс барысын көрді. Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асатын бұл үйлерді де биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Просмотров (92)
ТопДок 1