Лента новостей

"Су астында адам өзін де, өмірді де басқаша таниды": Маңғыстаулық дайвер Қанат Әбдиев

дайвинг, теңіз, су асты

Дайвер деген кім? Бұл - арнайы жабдықтың көмегімен су астына сүңгіп, теңіз бен мұхиттың тылсым әлемін зерттейтін адам. Көпшілік дайверлер міндетті түрде теңіз жағасында туып-өсуі керек деп ойлайды. Алайда бүгінгі кейіпкеріміз Қанат Әбдиевтің тағдыры бұл түсінікті өзгертеді. Ол - бала күнінде теңізді көрмей өскен қыр баласы. Соған қарамастан бүгінде Каспийдің тереңіне еркін бойлап, су астындағы ерекше әлемді зерттеп жүрген кәсіби дайверлердің бірі Arnapress.kz сұхбат берді.

Әбдиев Қанат Рахимұлы Маңғыстау облысындағы Сайөтес ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл Ақтау қаласынан шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол Маңғыстау ауданының Шетпе өңіріне қарайды. Қанат сол ауылда өсіп, білім алған. Кейін Ақтау қаласына қоныс аударғанымен, алғашқы жылдары теңіз климатына үйрену оған оңай соқпаған. Жиі сырқаттанып, теңізді жатсынғандай күй кешкен. Алайда уақыт өте келе ол өзін шынықтыруға бел буады. Қыстың қақаған аязында мұздай суға түсіп, денесін жаттықтыра бастайды. Сол сәттен бастап оның өмірі теңізбен тығыз байланысып кетеді.

Кейін алғаш рет су астына сүңгіп көргенде, Қанат мүлде басқа әлемді ашқандай әсер алады. Сол күннен бастап дайвинг оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

"Арманым көп болды. Бірде ғарышкер, бірде президент болуды қиялдайтынмын. Ал дайвингке күтпеген жерден келдім десем болады. Алғаш рет теңіз астына сүңгіген сәттен бастап бұл әлем мені өзіне баурап алды. Су асты - бөлек әлем, бөлек тіршілік. Алғаш үңілген сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Бастапқыда арнайы көзілдірік киіп, су астына жай ғана қызығып қарайтынмын. Кейін тереңдікке түсіп, су астындағы тіршілікті жақынырақ танығым келді. Осылайша бәрі басталды", - дейді Қанат.

Оның айтуынша, дайвинг - тек қызығушылық емес, үлкен жауапкершілік пен рухани дайындықты талап ететін спорт түрі.

"Кез келген адамда қорқыныш болады. Су астында кішкентай қателік ешқашан кешірілмейді. Сондықтан адам рухани тұрғыда өзіне сенімді болуы керек. Каспий теңізі де әркез әртүрлі мінез көрсетеді. Ауа райына қарай құбылып тұрады. Кейде теңізге 1 шақырымнан астам қашықтыққа жүзіп барып сүңгимін", - дейді ол.

Бүгінде дайвингтің әуесқой, ғылыми, спорттық және техникалық бағыттары бар. Ал Қанат үшін дайвинг - ең алдымен теңіз астындағы тылсым тіршілікті тану мүмкіндігі.

"Жер бетінде қанша түрлі тас, үңгір мен қатпар болса, теңіздің астында да дәл сондай әлем жатыр. Тек бәрін жасыл балдыр көмкеріп тұрады. Түрлі балықтарды, теңіз тіршілігін өз көзіңмен көру — ерекше сезім. Кейде су астындағы тастар мүсін секілді көрінеді. Тереңдікке түскен сайын адамның мінезі де өзгереді. Дайвинг адамды сабырлы болуға, әр қадамын есеппен жасауға үйретеді. Себебі су астында асығыстықтың соңы өкінішке әкелуі мүмкін", - дейді кейіпкеріміз.

Қанаттың дайвингі өзгеше. Ол аквалангтағы оттегі баллонын пайдаланбайды. Барлық сүңгуді өз демімен жасайды. Сондықтан әрбір метр мен әр секунд алдын ала есептеледі.

"Біз оттегі баллонымен түспейміз, өз демімізбен сүңгиміз. Сондықтан қанша тереңдікке түсетініңді, қайта шығуға демің жететінін нақты есептеуің керек", - дейді ол.

Қазір Қанат Әбдиев тек дайвер ғана емес, әлеуметтік желіде дайвинг туралы блог жүргізіп, жастарға шабыт беріп жүрген азамат. Оның бейнероликтері арқылы көптеген жас су астындағы әлемге қызығушылық танытып келеді.

"Дайвингтегі ең маңызды нәрсе - техника, қауіпсіздік және батылдық. Бірі болмаса, нәтиже болмайды. Ең бастысы — паникаға берілмеу. Дайвинг маған асықпау керегін үйретті. Жай қозғалып, күшті дұрыс жұмсасаң ғана мақсатыңа жетесің. Қанша тез қимылдасаң, сонша тез шаршайсың. Бұл қағида су астында да, өмірде де дәл солай", - дейді Қанат.

Ол тек теңізді зерттеп қана қоймай, Каспийдің астын тазалау жұмыстарымен де айналысады.

"Мен жүрген жерімнің таза болғанын жақсы көремін. Сондықтан су астындағы қоқыстарды тазалап жүремін", - дейді ол.

Қанат Әбдиевтің өмір жолы бір шындықты дәлелдейді: адамның арманына шекара жоқ. Теңіз көрмей өскен ауыл баласы да бір күні Каспийдің тереңдігін бағындырып, су астындағы ғажайып әлемнің зерттеушісіне айнала алады.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: кейіпкерден
 

Просмотров (131)
ТопДок 1