Лента новостей

Семейде "Халық бухгалтері" акциясы аясында кәсіпкерлерге тегін кеңес берілуде

салық, өзгерістер, Халық бухгалтері, тегін кеңес

2026 жылы кәсіпкерлер үшін салық саласында бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Негізгі мақсат – арнайы салық режимдерін оңтайландыру жайлы ақпаратпен Arnapress.kz тілшісіне Еркін Сұнғат Еркінұлы Семей қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы бөлісті. 

“Осыған байланысты биыл үш арнайы салық режимі қолданысқа енді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режимді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы жұмыскерлері жоқ тұлғалар қолдана алады. Бұл режимде айлық табыс шегі 300 АЕК-ке дейін, жылдық табыс 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Әлеуметтік төлемдер табыстың 4 пайызы көлемінде төленеді, жеке табыс салығы алынбайды және есеп ай сайын "E-Salyq Business" мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі”, - дейді Сұнғат Еркінұлы

Ал қазіргі таңда ең маңызды режимдердің бірі – оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі. Бұл режим бойынша жылдық табыс шегі 600 мың АЕК-ке дейін, яғни шамамен 2,5 миллиард теңге. Жалдамалы жұмыскерлер санына шектеу жоқ. Жеке табыс салығы 4 пайызды құрайды, есептілік жарты жылда бір рет тапсырылады және бұл режимде қосылған құн салығы төленбейді екен. Ерекше назар аударатын маңызды мәселе – оңайлатылған салық режимін қолдану тәртібі. Осы уақытқа дейін немесе алдағы уақытта осы режимде жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлер ағымдағы жылдың 28 ақпанына дейін міндетті түрде хабарлама беруі керек. Хабарлама "E-Salyq Business" мобильді қосымшасы немесе салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы беріледі. Егер бұл талап орындалмаса, кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне ауыстырылады, - деп ескертті бөлім басшысы

Сондай-ақ биыл Қаржы министрлігінің бастамасымен "Халық бухгалтері" акциясы басталды. Акция аясында кәсіпкерлерге салық мәселелері бойынша тегін кеңес беріледі. Шара 30 маусымға дейін Семей қаласында, Дулат Бабатайұлы 28Б мекенжайында, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері таңғы 10-нан түскі 1-ге дейін өтеді.

Қорытындылай келе, 2026 жылы оңайлатылған салық режимінде қалу үшін ең бастысы – 28 ақпанға дейін хабарлама беруді ұмытпау. Бұл -  әр кәсіпкер үшін маңызды.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (368)
ТопДок 1